15 қарашадан бастап СОО-ларға тек «жасыл» статусы бар елордалықтар кіре алады

Санитарлық дәрігердің жаңа қаулысына сәйкес, жұмыс күндері және демалыс күндері СОО-ларға «жасыл» статусы бар азаматтар ғана кіре алады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Сауда ойын-сауық орталықтары жұмыс күндері және демалыс күндері қызметкерлер мен келушілердің статусы қауіпсіз «жасыл» болған (вакцинация, сынамалар алынған сәттен бастап 7 тәуліктен аспайтын теріс нәтижесі бар ПТР тест, тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдар, соңғы 3 ай ішінде ауырып жазылған) жағдайда жұмыс істейтін болады.

Мұндай шешім үй карантинін бұзушылардың СОО-ларда көптеп тіркелуі нәтижесінде, сондай-ақ елордада тұрақты эпидемиологиялық ахуалды сақтау және мереке күндері қарсаңында халық арасында COVID-19 одан әрі таралуының алдын алу үшін қабылданды.

Елорданың санитарлық дәрігерінің қаулысы 15 қарашадан бастап күшіне енеді.