Сербия астанасы Белградта бокстан әлем чемпионатының ширек финалдық кездесулері өтіп жатыр, деп жазады Prosports.kz.
Турнирдің бұл кезеңіне қазақстандық 10 боксшы шыққан.
Олар: Теміртас Жүсіпов (48 келі), Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмуд Сабырхан (54 келі), Серік Теміржанов (57 келі), Саматәлі Төлтаев (60 келі), Санатәлі Төлтаев (63,5 келі), Абылайхан Жүсіпов (67 келі), Асыланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрқанат Райыс (75 келі) және Нұрбек Оралбай (80 келі).
1/4 финалда 5 боксшымыз жеңіске жетіп, 5 боксшымыз жеңіліске ұшырады.
Атап айтқанда, Теміртас Жүсіпов өзбекстандық Нодиржон Мирзахмедовті, Махмуд Сабырхан бразилиялық Майкл Тринидадты, Абылайхан Жүсіпов моңғолиялық Чинзориг Баатарсухты, Сәкен Бибосынов колумбиялық Юберхен Мартинесті, Серік Теміржанов ресейлік Эдуард Саввинді жеңді.
Ал Саматәлі Төлтаев франциялық Софьян Умиадан, Нұрқанат Райыс италиялық Сальваторе Каваллародан, Санатәлі Төлтаев шотландиялық Риз Линчтен, Асыланбек Шымбергенов украиналық Юрий Захареевтен, Нұрбек Оралбай сербиялық Владимир Мирончиковтен жеңілді.
Осылайша, жартылай финалда 5 боксшымыз бақ сынайтын болды.
Айта кетейік, Белград төрінде 13 боксшымыз бақ сынады. Олардың үшеуі – Бек Нұрмағамбет (86 келі), Айбек Оралбай (92 келі), Нұлан Сапарбай (92 келіден жоғары) алғашқы айналымдарда жарыс жолынан шығып қалды.