Нұр-Сұлтан қаласында “QAURSYN GALAM” атты поэзия кеші өтті

Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі  басқармасының қолдауымен «QAZAQ OLENDERI» ұжымының ұйымдастыруымен 2021 жылғы 20 қазан күні Музыкалық жас көрермендер театрында “QAURSYN GALAM” атты поэзия кешін өткізді. Кештің мақсаты – қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, қолдану аясын кеңейту және әдеби шығармалардың, оның ішінде поэзия мен прозаның жастар арасында кеңінен тарап, дамуына үлес қосу.

Кеш барысында әдебиетте өзіндік орны бар қылқалам шеберлерінің, қазақ ақындарының бірегей өлеңдері театрландырылған көрініс түрінде көрермен назарына ұсынылды. Кешке келген көрермен отан, туған жер, махаббат, сезім, сағыныш, достық, ата-ана тақырыбындағы өлеңдерін тыңдап, сырлы да сиқырлы поэзия әлеміне саяхаттап қайтты.

Қазақ поэзиясының хантәңірі атанған Мұқағали Мақатаев, сағыныштың ақыны Төлеген Айбергенов, ғашығы Ләйләға арнап 200-ге жуық өлең жазған Жұматай Жақыпбаев, Тұманбай Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова, Күләш Ахметова, Есенғали Раушанов сынды тұлғалардан бөлек кейінгі буын, жас ақындардың да шығармалары жиналған қауымның жүрегіне жол тартты.