595 миллион теңге: «Барыс» капитаны ҚХЛ-да жалақысы ең көп хоккейші атанды

Ресейлік «Спорт-экспресс» басылымы Құрлықтық хоккей лигасында жалақысы ең көп спортшылар тізімін жариялады, деп хабарлайды Prosports.kz.

Тізімде елордалық «Барыстың» қорғаушысы әрі капитаны Даррен Диц көш бастап тұр. Оның жылдық жалақысы 100 миллион рубль (15 қазандағы дерек бойынша, 595 миллион теңге) екен.

Екінші орында мәскеулік «Динамоның» шабуылшысы Вадим Шипачев (95 млн рубль) тұр. Үшінші орынды уфалық «Салават Юлаев» форварды Тему Хартикайнен мен ярославтік «Локомотив» шабуылшысы Максим Шалунов бөліскен.

Бұл тізімде «Барыстың» тағы бір ойыншысы швециялық Якоб Лилье де бар. Оның жалақысы – жылына 35 млн рубль (208,25 млн теңге). Қазақстан құрамасының қорғаушысы, қазір мәскеулік ЦСКА-да ойнайтын Виктор Сведбергтің жалақысы осындай.