Шығыс Қазақстан облысында Илья Ильин атындағы ауыр атлетика мектебін ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы аймақ басшысы Даниал Ахметов Facebook желісіндегі жеке парақшасында жазды.
«Бүгін ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарының чемпионы және өзге де жарыстарда үздіктердің қатарынан көрінген зілтемірші Илья Ильинмен кездесу өткіздім. Илья – үш түрлі салмақ дәрежесінде төрт дүркін әлем чемпионы, серпе көтеруде әлемдік рекорд жаңартқан азамат.
Мен оны жас кезінен білемін, ол жай спортшы ғана емес, адами болмысы мен тұлғалық қасиеті өзара үндескен адам.
Бүгін ол өнер көрсетпейді, дегенмен Илья спорттан кетпеді. Қазіргі күні ел мақтанышына айналған азамат Қызылорда қаласындағы «Мұз» сарайын басқарады. Оның ауыр атлетика мектептерін ашу бойынша үлкен жоспарлары бар. Сондай-ақ, біз Шығыс Қазақстанда Илья Ильин атындағы мектепті болашақта ашу мүмкіндігін талқыладық. Біздің спортшылар әртүрлі әлемдік жарыстарда өздерін осы спорт түрінде өте жақсы көрсетеді, өйткені ауыр атлетика – тек қана алып дене мен күшті ғана емес, рухани байлықты да талап етеді.
Сондай-ақ, біздің ауыр атлет Денис Улановты қалпына келтіру, оңалту және үлкен спортқа қайтару туралы тақырыпта сөз қозғадық. Илья Азия чемпионы атанған «Алтай» клубының волейболшылары үшін риза екендігін жеткізді. Оның спорттан кетпегені, елдегі ауыр атлетиканы дамыту үшін бар күш-жігерін салатыны ел үшін үлкен қуаныш», – деді облыс әкімі.