Боксшы Жанқош Тұраров сот орындаушысына қысым көрсеткен

Қазақстан БАҚ беттерінде кәсіби боксшы Жанқош Тұраровтың сот орындаушысына қысым көрсеткені туралы ақпарат шықты. 

Алматыдағы нысанды бұзу кезінде оның иесі жеке сот орындаушысын буындырып, ғимаратты бұзуды тоқтатуды талап еткен, кейін қабырғасы мен өкпе тұсынан ұрған. Соққы полиция қызметкерлерінің көзінше болған.

Сот орындаушысы ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғау туралы арыз жазған.

«Оқиға кезінде сот орындаушысына және басқа адамдарға қысым жасау мақсатында Ысқақов боксшы Тұраров Жанқош Жасұланұлын шақырған. Оқиға орнына келген боксшы сот орындаушысынан М.Н.Ысқақовқа қатысты полицияға түсірген арызын алуды талап еткен. Сондай-ақ, Жанқош Тұраров бұл әрекетті заңсыздық деп санап, осы үшін қорқытқан. Кейін М.Н.Ысқақов пен Ж.Ж. Тұраров А.А.Ермековке қарсы физикалық соққы көрсетіп, қорқыта бастаған. Тікелей қысым көрсетіліп, сот актісінің талаптарын орындаудан бас тартуға мәжбүрлеген», – делінген Республикалық жеке сот орындаушылар палатасының мәлімдемесінде.