Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан 84 867 зейнеткерге әлеуметтік көмек көрсетіледі. Қарттар күніне орай 74 145 зейнеткерге жалпы сомасы 540 млн теңге көлемінде жыл сайынғы біржолғы әлеуметтік көмек төленді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Зейнеткерлерге біржолғы әлеуметтік көмек Қазақстан Республикасының Конституция күніне орай да берілді. Жасы бойынша ең төменгі зейнетақы алушыларға, яғни 10 722 зейнеткерге 78 млн 195 мың теңге мөлшерінде ақша төленді.
Ал 9 мамыр – Жеңіс күніне орай 4072 адамға жалпы сомасы 201 млн 947 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек берілді.
Бұдан бөлек 205 зейнеткерге қыста көмір сатып алу үшін 9 млн 516 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді.
Тұрғын үйді газдандыру бойынша газдандыруға жататын жергілікті жеке тұрғын үйде тұратын, жекеменшік иесінің отбасы мүшелері болып саналатын зейнеткерлерге, мүгедектігі бар тұлғаларға, мүгедек балаларға, көпбалалы аналарға және 83 зейнеткерге біржолғы көмек берілді, мөлшері – 262 530 теңге (жалпы 21 млн 790 мың тг).
Биыл 2156 зейнеткер Қатаркөл шипажайында ем алды. Оларға жасына байланысты 65-75% жеңілдікпен жолдама берілді.
Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне моншаға, шаштаразға, мәдени, ойын-сауық және спорттық шараларға бару үшін 21 адамға 474 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді.
Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне коммуналдық қызметтерді төлеу жөніндегі әлеуметтік көмекпен 21 адам қамтылды.
Тіс емдеу және протез салу әлеуметтік көмегімен жыл басынан бері 1140 зейнеткер қамтылды.
Қазіргі уақытта «Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 480 адамға үйіне барып қызмет көрсетеді. Оның 426-сы – жалғыз тұратын қарт, 54 адам – 1 және 2 топ мүгедектері. Ал мекеменің өзінде 182 қария тұрып жатыр.