6 миллионнан астам қазақстандық онлайн санақтан өтті

Шара басталған сәттен бері екі аптаның ішінде (1-15 қыркүйек аралығы) сауалнамаға 3 млн. қазақстандық жауап қатса, 22 қыркүйек күні санақтан өткендер саны 5 млн-ға жетті. 28 қыркүйекте көрсеткіш 6 млн-нан асып отыр. Осылайша, халық санағына қатысқан азаматтардың үлесі 30%-тен асты (31,8%). Бұл туралы Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы хабарлады.

28 қыркүйек сағат 17:00-дегі жағдай бойынша 6044448 респондент онлайн санақтан өтті. Олардың 5223509-ы sanaq.gov.kz сайтында, 584586 адам Egov порталында тіркелу арқылы жауап берсе, 236353 адам санаққа Аitu қосымшасы арқылы қатысты.

Онлайн санақтан өткендер саны бойынша Түркістан облысы алда. Мұнда 799457 тұрғын санақтан өткен. Онлайн санақтан өткен тағы 663522 адам Алматы облысында тіркелген. Үздік үштікті Шығыс Қазақстан облысы түйіндеді. Мұнда 575409 адам санақ сауалдарына жауап берді.

Бұл көрсеткіш бойынша әзірге соңғы екі орынды Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары еншілеп тұр. Бұл өңірлерде 168158 және 148428 адам санақтан өтіпті.

Ал, жергілікті халық санына шаққандағы санақтан өткендердің үлесі бойынша Қызылорда облысы алда тұр. Мұнда азаматтардың 47,6% сауалдарға жауап берген (1 тамыздағы жағдай бойынша өңірде 823052 адам тіркелген). Бұл көрсеткіш бойынша Шығыс Қазақстан облысы екінші орында. Мұнда тұрғындардың 42,3% бүгінге дейін санақтан онлайн режимде өткен (1 тамыздағы жағдай бойынша өңірде 1361163 адам тіркелген).