Кісі өлтіргені үшін 20 жыл бойы жасырынып келген ресейлік азамат Павлодарда ұсталды

Кісі өлтіргені үшін 20 жыл бойы жасырынып жүрген ресейлік қылмыскер Павлодарда ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

25 қыркүйектен бері Павлодар облысының аумағында елден тыс жерде жасырынып жүрген қылмыскерлерді іздестірудің тиімділігін арттыруға бағытталған “Іздестіру” жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр.

– Павлодар облысының жедел қызметкерлері ауыр қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген 5 қылмыскерді ұстады. Бұрын хабар-ошарсыз кеткен екі адамның мекен-жайы анықталды. Мысалы, Павлодар қаласында полиция қызметкерлері Ресей Федерациясының Пермь қаласында кісі өлтіргені үшін айыпталған 46 жастағы қашқын қылмыскерді ұстады. Анықталғандай, 2001 жылы ер адам қызды өлтіріп, қылмыс жасағаннан кейін Павлодар қаласына келген. Ер адам айлакер болып шықты, белгілі болғандай, ол фамилиядағы бір әріпті әдейі өзгертті. Қазіргі уақытта ол қамауда отыр, – деді Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ельдар Әбдікенов.

Сонымен қатар, Қырғызстанда жазасын өтеуден 19 жыл жалтарған Қырғызстан Республикасының 52 жастағы азаматының тұратын жері анықталды. Сондай-ақ, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу және криминалдық полиция қызметкерлерінің өзара іс-қимылы барысында Қарағанды облысындағы әріптестерімен бірге Жезқазған қаласында Павлодарда тонауға күдікті 25 жастағы павлодарлық ұсталды. “Қашқын” Жезқазған қаласының УҰИ-не қамалды.