Елордада жол ақысын төлемегендерге 33 млн теңге айыппұл салынды

Көліктік бақылау департаментінің қызметкерлері билетсіз жолаушылар бойынша күнделікті рейдтерді жалғастыруда. Көбінесе «қояндар» жол жүру ақысын КБД қызметкерлерін көрген кезде ғана төлейді. Бұл туралы CTS компаниясы мәлім етті, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Айта кетейік, бүгінде ҚР ӘҚБтК-нің 622-бабының 2-бөлігі бойынша 180 жолаушы анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жыл басынан бастап көліктік бақылау департаментінің қызметкерлері жол ақысын төлеуден жалтарудың 150 мыңнан астам фактісін анықтады. Оның ішінде 5 744 жолаушы жалпы сомасы 33 млн теңгеден астам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, жолаушылар денсаулығының қауіпсіздігі мақсатында КБД күн сайын қоғамдық көліктерде бетперде режимін сақтау бойынша рейдтер жүргізеді.

«Құрметті жолаушылар, жол ақысын уақытылы төлеуді сұраймыз, сондай-ақ бетперде киюге шақырамыз. Автобустарда жол ақысы қолма-қол ақшасыз төленеді: көлік картасы немесе QR код арқылы», – делінген хабарламада.