Елордалық мониторингтік топтар тәулік бойы күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруда. Көптеген ескертулерге, жауапкершілікке тартылатынына қарамастан, қала мекемелерінде карантиндік шектеулер әлі де бұзылып, келушілер мен қызметкерлердің денсаулығына қауіп төндіруде, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Өткен тәулікте, 11 қыркүйекте мониторингтік топтар елорданың 12 мекемесінде карантин талаптарының бұзылғанын анықтады.
Ең көп тәртіп бұзушылар Есіл ауданында тіркелді – 6 нысан. Тексеріс кезінде «Zima» барлар галереясында 500-ге жуық адам болған. «Cabera» гриль-барында, «Панаехали» барында, «Khan El-Khalili» кафесінде, «Мята Platinum Nursaya» ресто-барында, «Tequila»барында жұмыс режимі сақталмаған.
Алматы ауданында «Киш Миш» кафесі, «Tema» компьютерлік клубы, «Панаехали» атмосфералық бары және «Что Будет Дальше» караоке-бары карантин бұзушылар тізіміне енді.
Сарыарқа ауданында орналасқан «Амарин» және «Шашлыкофф» мейрамханаларында да карантиндік шектеулер ескерілмеді.
Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған барлық материалдар әкімшілік сипаттағы шаралар қабылдау үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы уәкілетті органға берілді.
Айта кету керек, COVID-19 вирусын жұқтырғандар санының төмендеуіне қарамастан, елорда эпидемиологиялық жағдайды бағалау бойынша әлі де «қызыл» аймақта қалып отыр. Сондықтан қала тұрғындары мен қонақтары санитарлық нормаларды қатаң сақтауы керек: маска режимі, әлеуметтік қашықтық, қол гигиенасы. Азаматтар өздерінің және айналасындағылардың денсаулығын сақтау үшін коронавирусқа қарсы вакцинациядан өтуі керек, өйткені вакцинамен иммундау қауіпті вируспен күресудің жалғыз тиімді әдісі болып табылады.