Өткен тәулікте елордада карантин талабын бұзған 6 мекеме анықталды

Елорданың мониторигтік топтары қаланың кәсіпкерлік объектілерінде коронавирус пандемиясына байланысты шектеу шараларының сақталуын тексере отырып, күшейтілген тәулік бойғы режимдегі жұмысын жалғастыруда. Өткен тәулікте, 2 қыркүйекте карантин талабын бұзған 6 мекеме анықталды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Есіл ауданының мониторингтік тобы «Fashionbar» караоке-барында, «Velluto» кафесінде және «Alanya» барында жұмыс режимінің сақтамағанын тіркеді.

Карантин бұзушылар тізіміне Байқоныр ауданында орналасқан «Мята» бары мен «Бистро» кафесі, сондай – ақ Сарыарқа ауданында орналасқан «Oasis» кафесі кірді.

Тәртіп бұзушыларға қатысты барлық жиналған материалдар әкімшілік сипаттағы шаралар қабылдау үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы уәкілетті органға берілді.

Айта кету керек, КВИ-мен сырқаттанушылық деңгейінің төмендеуіне қарамастан, елорда эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша «қызыл» аймақта қалып отыр. Сондықтан қала тұрғындары мен қонақтары санитарлық нормаларды қатаң сақтауы керек: маска режимі, әлеуметтік қашықтық және қол гигиенасы. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтар коронавирусқа қарсы вакцинациядан өтуі қажет, өйткені вакцинация қауіпті вируспен күресудің жалғыз тиімді әдісі болып табылады.