Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры сақтандырудың жаңа жүйесін іске қосты

Еліміздің агроөнеркәсіп саласында жаңа сақтандыру жүйесі іске қосылды. Оның сақтандыру операторы «ҚазАгро» Холдингінің еншілес компаниясы – Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры.

2004-жылдан бері Өсімдік шаруашылығын міндетті сақтандыру жүйесі жұмыс істеп келген болатын. Ал, мына жаңа жүйе одан ерекше болмақ.

Біріншіден, агроөнеркәсіп кешеніндегі сақтандыру енді ерікті түрде болады.

Екіншіден, салаларға шектеу жоқ. Аграрлық сектордың кез келген бағыты сақтандырылады.

Үшіншіден, сақтандыру сыйақыларын мемлекет субсидиялайды. Бұл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді ынталандыруға және сақтандыру шартын жеңілдетуге бағытталған. Сақтандыру сыйақы сомасының 50 %-ын мемлекет субсидиялайды. Ол үшін биыл республикалық бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінді.

– Жаңа жүйені әзірлеу кезінде өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандырудың проблемалық мәселелері ескерілді, – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Басқарушы директоры – басқарма мүшесі Асқар Қалиев. – Мәселен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің мүдделерін қорғау мақсатында жүйеде Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттіктің лицензиясы бар сақтандыру компаниялары ғана жұмыс істей алады.

Жаңа жүйеде әлемдік сақтандыру нарығында «А» рейтингі бар үш халықаралық қайта сақтандыру компаниясы жұмыс істейтін болды. Олар отандық компаниялар сақтандыратын тәуекелдерді қайта сақтандырады. Бұл сақтандыру тәуекелдері туындаған жағдайда кепілді төлемдерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Шарт жасасудан бастап төлеммен аяқталатын барлық процедуралар электронды цифрлық қолтаңба арқылы Qoldau.kz электронды платформасында жүргізіледі. Процестерді автоматтандыру адами факторды азайтады және жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етеді.

Ылғал деңгейінің мониторингі тұрақты негізде жүргізіледі және сақтандыру жағдайыныңдеректері автоматты түрде тіркеледі.

Сақтандыру жағдайытуындағаны туралы Qoldau.kz жүйесіндегі жеке кабинетіне немесе жеке электронды поштасына келген хабарламаны алғаннан кейін сақтанушы (ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші) төлем жасайтын сақтандырушыға (сақтандыру компаниясына) өтініш береді.

Бұрынғы жүйедегі алынған деректер бойынша сақтандыру жағдайларының 60 %-тен астамы ылғалдың жетіспеуінен, яғни құрғақшылыққа қатысты болды. Осыған байланысты өнімді құрғақшылықтан сақтандыру ерекше маңызға ие. Сондай-ақ, егіс науқанының аяқталу мерзімі де ескеріледі.

Ылғалдың жетіспеу қаупінен сақтандыру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер биыл 15 маусымға дейін сақтандыру шартын жасасуы қажет.Сақтандыру кезеңі 3 айды қамтиды. Яғни,15-мамырдан 15-тамызға дейінгі аралық есепке алынады.

Ылғалдың шамадан тыс болуына қатыстысақтандыру келісімшартын 15-тамызға дейін бекіту қажет. Сақтандыру 2020-жылдың 15-тамызынан 15-қыркүйегіне дейінгі аралықта жүргізіледі.

Алдағы уақытта агроөнеркәсіп кешеніндегі сақтандыру өнімдерінің нарықтағы қажеттілігі ескеріліп, тізімі кеңейтілетін болады.