БҚО тауар өндірушілері елордадағы жәрмеңкеге 120 тонна ауыл шаруашылығы өнімін әкеледі

Осы демалыс күндері, яғни 28 және 29 тамызда «Хан Шатыр» СОО жанындағы алаңда Батыс Қазақстан облысы тауар өндірушілерінің қатысуымен кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жәрмеңкеге жалпы көлемі 120 тонна болатын Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімі ұсынылады. Оның ішінде 65 тонна сиыр еті мен жылқы еті, 15 тонна шұжық және консерві өнімдері, 5 тонна жаңа балық, 20 тонна ұн және макарон өнімдері, 5 тонна өсімдік майы, 3 тонна сүт өнімдері, 5 тонна түрлі сусындар, 2 тонна кондитерлік өнімдер, 36 мың жұмыртқа бар. Жәрмеңкеге 80 тауар өндіруші қатысады.

Жәрмеңкедегі бағалар дәстүрлі түрде нарықтық бағадан 10-20%-ға арзан болады. Бұл елорда тұрғындары мен қонақтарына өнімді қолайлы бағамен сатып алу үшін жасалып отыр.

Жәрмеңкеге келушілер санитарлық-гигиеналық талаптарды қатаң сақтауы керек: маска тағу, қашықтықты сақтау және антисептиктерді қолдану.