76 жастағы алматылық зейнеткер велосипедпен әлемнің 40 елінде болған

Алматы қаласының тұрғыны, 76 жастағы зейнеткер Түгелбек Қасымов велосипедпен әлемнің 40 елінде болып қайтқан. Әлемді қос дөңгелекті көлікпен шарлаған зейнеткер велосаяхаты туралы ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

«Мен ШҚО Тарбағатай ауданы Жамбыл ауылының тумасымын. Туған өлкемде 45 жыл ұстаз болып, балаларға математиканы үйреттім. Соңғы 10 жыл Алматы қаласында тұрып жатырмын. Велосипед тебу басты әуесім, велосипедпен әлемнің 40 елінде болдым. Велошеруді алдымен өз отанымыздан бастадым, Қазақстанның барлық өңірінде болдым. Содан соң Ресейге аттандым, көрші елдің де біраз аймағында болып қайттым. Елордадан Мәскеуге велосипедпен 14 күнде жеттім. Одан әрі Беларусь, Польша арқылы 12 күннің ішінде Берлинге бардым. Одан бөлек, тағы Мәскеуге барып одан әрі Украина, Молдавия, Румыния Болгария арқылы Грекия астанасы Афинаға жеттім», – деді Түгелбек Қасымов.

Сондай-ақ, зейнеткер жерлесіміз велосапармен Парижде де болған. Және ол велошеруге жалғыз шығады.

«Денсаулық жарап тұрған сәтте, велосипедпен ел аралауды одан әрі жалғастырмақпын. Бүгін ел Тәуелсіздігімен 30 жылдығы мен Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай бір топ адам Нұр-Сұлтан қаласынан Қостанайға велосипедпен аттанып барамыз. Алда Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы тұр, бұйырса Алматыдан Таразға велосипедпен бару жоспары тұр. Одан бөлек, індеттің жағдайы реттелсе 2022 жылы Алматыдан Қытай қаласы Шанхайға дейін велошеру ұйымдастыруды көздеп отырмын. Сапарда 6,5 мың шақырым жүру керек», – дейді ол.