Елордада 21 тамыздан бастап әр сенбі-жексенбі өңірлік ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтеді

Биыл 21 тамыз бен 31 қазан аралығында әр сенбі және жексенбі күндері елордада өңірлік ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтеді. Олар «Хан Шатыр» СОО жанындағы алаңда, Тұран даңғылы мен Д.Қонаев көшесінің қиылысында орналасады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Жәрмеңкеде өңірлердегі тауар өндірушілердің азық-түлігі тікелей, делдалдарсыз сатылатын болады.

Дәстүрлі түрде жәрмеңкені Түркістан облысының тауар өндірушілері ашады. Түркістанның 50-ге жуық ауыл шаруашылығы өндірушісі елордаға 500 тоннадан астам өнім әкеледі. Оның ішінде – 99 тонна ет және ет өнімі, 75 тонна сүт өнімі, 152 тонна көкөніс, 21 тонна жеміс-жидек, 23 тонна картоп, 20 мың дана тауық жұмыртқасы, 11 тонна балық, 2 тонна бал, 31 тонна кептірілген жеміс пен түрлі консервілер, 8 тонна басқа өнімдер.

Осыған дейін хабарланғандай, қыркүйек және қазан айларында елордаға Қазақстан Республикасының барлық тауар өндірушілері келеді.

Жәрмеңкелерде түрлі өнімдер ұсынылады. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысы панталы өнімдердің барлық желісін, сондай-ақ табиғи бал әкеледі. Алматы облысы елорда тұрғындары мен қонақтарын әйгілі апорт алмасының сортымен, Солтүстік Қазақстан облысы құс етімен қуантпақ. Павлодар және Қостанай облыстарынан көкөніс өнімдерінің үлкен ассортименті мен сиыр еті, жылқы еті, қой еті әкелінеді.
Жәрмеңкелерді өткізу туралы қосымша ақпаратты Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасынан 556978, 556899 телефон нөмірлері бойынша алуға болады.

Естеріңізге сала кетейік, жәрмеңкелерді өткізу кезінде жұртшылық санитарлық нормаларды қатаң сақтауы тиіс: маска режимі, әлеуметтік қашықтық, антисептиктерді қолдану.