Биыл елорданың қай елді мекендері газдандырылады?

Елорда әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында биылғы жылыту маусымында қаланың жеті елді мекенінің тұрғындары газға қосыла алатынын мәлім етті, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

«Жылыту маусымының басталуына аз уақыт қалды. Елордада жылыту маусымы шамамен 7 айға созылатынын ескерсек, газдандыру жұмысы қала тұрғындарының өмір сүруін едәуір жақсартады.

Биылғы жылыту маусымында қаланың тағы жеті елді мекенінің газға қосылу мүмкіндігі бар. Олар: Оңтүстік-Шығыс, Промышленный, Көктал-1, Агроқалашық (2020 жылы қосылмаған бөлік). Сондай-ақ, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный елді мекендерінде газбен жабдықтау желілерінің құрылысын жүргізуде. «Қазақауыл» (Қараөткел) шағын ауданы бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Осылайша жүйелі негізде газ тарату желілерін салу бойынша ауқымды жұмыстар жалғасуда. Биыл тағы 317 км газ тарату желісін саламыз, оның 240 км астамы салынды.

Өткен жылыту маусымында Теміржолшылар, Көктал-2, Агроқалашықтың бір бөлігінің тұрғындары газға қосылу мүмкіндігін алды. 345 км кварталішілік газбен жабдықтау желілерін салдық.

Газдандыру – Елбасының ауқымды жобасы. Бұл жоба қала экологиясын жақсартуға, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Себебі үйлерді көмірмен жылытудың қажеті жоқ, сондай-ақ қауіпсіздік артады.

Газдандыру процесі Мемлекет басшысының бақылауында», – деп жазды елорда әкімі.