ШҚО-да балаларды дамытатын ерекше орталық салынатын болды

Даниал Ахметов білім, мәдениет, спорт және құрылыс басқармаларының басшыларымен Қазақстанда теңдесі жоқ ауқымды жоба – «Зерде» ғылыми-шығармашылық орталығын салу мәселесін талқылады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Орталықтың атауы кездейсоқ таңдалған жоқ, себебі ол «таным» деген мағынаны білдіреді. Оның бірегейлігі сол – ғылыми зертханалар, музей экспозициялары мен шығармашылық сыныптар бір жерге шоғырланады. Аймақ басшысының айтуынша, дарынды балалар жасанды интеллектке, кванттық физикаға, ғарышқа қатысты дүниелермен айналысып, зерделейтін болады. Олар тәжірибелерді ең озық әлемдік жабдықтармен жасайды.

 

«Біз балалар жасаған кішкентай болса да өте маңызды ғылыми жаңалықтардың куәсі болып қалуымыз мүмкін. Балалар міндетті түрде ғылыммен айналысулары керек. Оларды кішкентай күнінен ынталандырып, шабыттандырып отырған дұрыс», – деді Даниал Ахметов.

Сондай-ақ, орталықта 18 ғылыми зертхана, қолөнер, көркемөнер және аспаздық шеберханалары, музыкалық сыныптар, спорт және ойын залдары қарастырылған. Сонымен қатар, бұл жерге ересектер де келіп айналыса алады. Кішкентай бүлдіршіндерді ертегілер әлеміне жетелейтін зал болады. Сондай-ақ, мұнда міндетті түрде археология, өнер және халық шығармашылығы мұражайлары жұмыс істейді.

«Облыс тұрғындары мен қонақтары халқымыздың салт-дәстүр тарихынан барынша хабардар болуы тиіс. Балаларымыз бен олардың ата-аналарына жаңа және қызықты дүние ұйымдастыру үшін кейбір залдарды өзгерту мүмкіндігін де қарастырамыз», – деді аймақ басшысы.

Айта кету керек, «Зерде» орталығы жұрт отбасыларымен келіп, күні бойы жақсы демалыс өткізетін орынға айналады. Осыған байланысты ШҚО әкімі Даниал Ахметов мамандарға жобаны жаңартқан кезде болашақта балаларға қызық болатын тың дүниелерді ескеруге кеңес берді.