Аягөз гарнизонында жас лейтенанттар жиыны өтуде

Аягөз гарнизонындағы танк әскери бөлімінің базасында жоғарғы әскери оқу орындары мен кафедраларды аяқтаған отызға жуық лейтенанттың оқу-әдістемелік жиыны өтуде, деп хабарлайды гарнизонның баспасөз қызметі.

Бір аптаға жоспарланған аталмыш жиынның негізгі мақсаты жас офицерлерге лауазымды қабылдап алу, жеке құраммен жұмыс жасаудағы оқу үдерісін ұйымдастыру, сондай-ақ тәрбие және идеологиялық жұмысты сапалы өткізу бойынша қажетті білім аясын кеңейту болып табылады.
Оқу-әдістемелік жиын тамыздың 9-нан 14-не дейін жалғасады. Жиынды өткізу үшін білікті және тәжірибелі офицерлер құрамы бекітілген.

Жас сардарлар тест сұрақтарына жауап беру, спорттық дайындық және оқ ату жаттығулары арқылы білімдерін сарапқа салады. Жыл сайын өткізілетін жиынның қызметін жаңадан бастағандарға көмегі зор. Өйткені осындай оқу-әдістемелік іс-шаралардың арқасында жаңа әскери тәсілдерді меңгеруге болады.

– Жас офицерлермен өткізіліп жатқан жиында сақтық шаралары сақталып, жоспарға сай өткізілуде. Еліміздің тыныштығына қырағы болатын қызмет жолындағы жас жігіттер абыроймен мемлекетіміздің қорғаныс саласын нығайтуға, дамытуға өз үлесін қосып, барлық жағынан үлгілі болады деп сенеміз, – деді танк әскери бөлімі командирінің жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары подполковник Асхат Шайкенов.