Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министрі Алексей Цоймен телефон арқылы сөйлесіп, еліміздегі коронавирус індетіне қарсы қабылданып жатқан шаралар жөнінде есебін тыңдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Бүгінгі таңда аймақтардағы 328 медицина нысанында 55 658 науқас емделіп жатыр. Республика бойынша ауруханалардағы төсек-орындардың – 54 пайызында, жансақтау бөлімдерінің 45 пайызында науқастар ем қабылдауда.
Алексей Цойдың айтуынша, қазіргі таңда 5,9 миллион адамға коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компоненті салынып, екпе алатын тұрғындардың 59 пайызын құраған. 4,5 миллион адамға екпенің екінші компоненті салынып, екпе салынатын тұрғындардың 45,2 пайызы қамтылған.