Аягөз гарнизонындағы қамтамасыз ету бөлімшелері тексерілді

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері басқармасының офицерлері Аягөз гарнизонындағы бірқатар әскери бөлімдердің жауынгерлік және материалдық-техникалық қамтамасыз ету роталарын тексерді, деп хабарлайды гарнизонның баспасөз қызметі.

Аягөз гарнизонының танк, артиллерия және инженерлік-саперлік әскери бөлімдерінің жауынгерлік қамтамасыз ету бөлімшелері дабыл бойынша көтерілді. Жоспарлы тексерістің алғашқы таңында комиссия құрамымен жеке құрамның белгі бойынша іс-қимылы мен командирлердің басқару шеберлігі қадағаланды. Дабыл бойынша жеке құрам штаттық қаруларын алып, техникаларымен шоғырлану аумағына шығып, комиссия құрамы белгілеген жерге марш жасады. Белгіленген ауданға жеткен бөлімшелер далалық жағдайда өз мамандықтары бойынша, сондай-ақ арнайы сабақтар бойынша нормативтерді жеке және бөлімшелер жеке құрамымен тапсырды.

Төрт күнге жоспарланған тексерісте бөлімшелер жоғарғы деңгейде өздерінің жауынгерлік әзірліктерін көрсетіп, тексеруші тараптан жақсы деген бағаға ие болды.

– Жалпы тексерістің мақсаты бөлімшелердегі офицерлік және сержанттық құрамның командалық дағдыларын, кәсіби даярлығын арттыру. Сонымен қатар, тактикалық тапсырмаларды, штаттық қарудан ату жаттығуларын орындау, жауынгерлік ұрыс машиналарын жүргізу және дене даярлығы бойынша үздік бөлімшелерді айқындау болды. Сондай-ақ, әскери қызметшілерге сеніп тапсырылған қару-жарақ пен әскери техниканы шебер меңгергені үшін жауапкершілік сезімін тәрбиелеу, – деді комиссия төрағасы, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы штаб бастығының орынбасары полковник Файзулла Дусанов.

Тексеру қорытындысы бойынша лауазымды тұлғаларға жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігі, бөлімшелердің биылғы жылы өтетін ірі ауқымды оқу-жаттығуларға сапалы дайындығын жетілдіру бойынша нақты міндеттер қойылды.