Аягөз гарнизоны: Әскерге шақырылушыларды зерделеу жұмыстары жүргізілуде

Аягөз қаласының қорғаныс істерінің біріктірілген бөлімініде 2021 жылғы күзгі әскерге шақыру алдындағы әскерге шақырушыларды зерделеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды гарнизонның баспасөз қызметі.

Көктемгі әскерге шақыру науқаны аяқталысымен Аягөз қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің жеке құрамы биылғы жылдың күзінде әскер қатарына шақырылатын 18 бен 27 жас аралығындағы бозбалалар және олардың ата-аналарымен жеке әңгімелесу жүргізіп, зерделеу парақтарын толтыруда.

Алдын ала зерделеу жұмыстары әскердің қандай да бір түрлері мен тектерінде әскери қызмет өткеруге дайын әскерге шақырылушылардың сапалық құрамын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, зерделеу барысында әскерге шақырылушылардың әскерге шақырылғанға дейін алған мамандықтары ескеріледі.

Қазіргі таңда жеке әңгімелесу барысында жастардың моральдық және іскерлік қасиеттері, денсаулық жағдайы, дене дамуы, жалпы білім беру және арнайы дайындығы, отбасылық жағдайы туралы мәліметтер нақтыланады. Бүгінде жергілікті басқару және Ішкі істер, денсаулық сақтау қызметінің өкілдерімен және халықты әлеуметтік қорғау органдарымен тығыз жұмыс жүргізілуде.

Сонымен қатар, қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің жеке зерделеу жұмыстарында әскерге шақырылатындардың арасында әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар немесе тергеуде жүргендер, дәстүрлі емес діни ағымдардың мүшелері ретінде арнайы есепте тұрғаны жайында бар-жоғын білуді басты назарда ұстауда.

– Отан алдындағы борышын өтуге ниет білдірушілер саны аз емес. Жас жігіттер саналы түрде, әскерлердің белгілі бір түріне қызмет етуге үлкен ықыласпен келуде. Мысалы, десанттық-шабуылдау әскерлерінде немесе теңіз жаяу әскерлерінде қызмет атқаруға ниет білдірушілер көп. Бізге негізінен мықты, лайықты жастар келеді, – деді Аягөз қаласы қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімі бастығының орынбасары Мұрат Сарсеев.

Айта кету керек, мерзімді әскери қызметке шақыру жылына екі рет, көктемде және күзде өткізіледі. Он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ азаматтар мерзімді әскери қызметке шақырылуға жатады.