Шығыс Қазақстан облысындағы Мақаншы – Жалаңашкөл тасжолында жол апаты болып, жүргізушілердің әйелдері мен балалары қаза тапты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
18 шілдеде сағат 15:10-да Үржар ауданында қайғылы оқиға болды. Мақаншы – Жалаңашкөл тасжолында үш автокөлік соқтығысты – Geely, Kia Sportage және Lada 21154-30.
«Geely жүргізушісінің 48 жастағы әйелі мен 13 жастағы ұлы, сондай-ақ «Лада» жүргізушісінің 47 жастағы әйелі мен 18 жастағы қызы алған жарақаттарынан оқиға орнында мерт болды.
Екі жүргізуші және Geely жолаушысы әртүрлі жарақатпен Мақаншы ауылының аудандық ауруханасына жатқызылды», – деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментіндегілер.
Ведомство өкілі қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 4-бөлігі («Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан ЖҚЕ бұзу») бойынша соталды тергеу басталғанын айтты.
Апаттың мән-жайы әзірге хабарланбады, зардап шеккендердің кейбірі Алакөлден демалыстан қайтып бара жатқан болуы мүмкін.