Аягөз гарнизонының сарбаздары Қазақстан барысымен кездесті

Аягөз гарнизоны Әуе шабуылына қарсы әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар «Қазақстан барысы – 2021» дүбірлі додасының жеңімпазы Дәурен Нұралиновпен кездесті, деп хабарлайды гарнизонның баспасөз қызметі.

Іс-шара барысында қызу сұрақ-жауап сәті болды. Сарбаздар Қазақстан барысынан жеңістің құны қандай болатынын, спорт жолында нені құрбан етуге тура келгендігін сұрастырды. Сондай-ақ, отбасы қолдауы қаншалықты маңызды екендігі де айтылды. Ал, Дәурен Нұралинов өз кезегінде барлық сауалдарға жауап беріп, биік армандарға жетудің жолдарымен бөлісті. Сондай-ақ, оғландарды әрдайым төзімді болуға, мақсат қоя білуге және қиындықтан тайынбауға шақырды.

– Көздерінде оты бар жалынды жастармен кездесу мен үшін әсерлі болды. Олардың бойларынан қазақ күресіне деген ерекше құштарлықты көріп қатты қуандым. Осындай жиынды ұйымдастырған әскери бөлімнің басшылығына, офицерлер құрамына айтар алғысым шексіз, – деп ризашылығын білдірді балуан Дәурен Нұралинов.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласының тумасы Дәурен Нұралинов қазақ күресінен Қазақстан чемпионы, ҚР спорт шебері, 2019 жылы Алматы қаласында өткен «Халық барысы» турнирінің жеңімпазы. Сонымен қатар елімізде он жыл бойы үздіксіз өтіп миллиондаған көрермендердің сүйікті жобасына айналған «Қазақстан Барысы» додасында бағы мен бабы сай келіп, кілең мықты 36 балуанның арасынан топ жарып, «Қазақстан барысы -2021» атанды.

Аталған мекемеде әр салада жетістікке жеткен тұлғалармен кездесулер ұдайы ұйымдастырылып тұратындығын айта кеткен жөн. Себебі, мұндай шаралар отан қорғаушыларды патриоттық рухта тәрбиелеп, үлкен мақсаттарға жетуге жігерлендіреді дейді ұйымдастырушылар.

Аталмыш іс-шара санитарлық талаптарды сақтай отырып, ашық аспан астында ұйымдастырылды. Шара соңында жауынгерлер кездесуден ерекше рухани әсер алып, спортшыға қошемет көрсетіп, естелік суретке түсті.