Әскери бөлімнің құрылған күніне орай салтанатты шеру өтті

Шілде айының он екінші жұлдызы Аягөз гарнизонына қарасты 36376 әскери бөлімінің құрылған күні. Атаулы мерекеге орай саптық алаңда салтанатты шеру өтті, деп хабарлайды гарнизонның баспасөз қызметі.

Аталмыш әскери бөлім 2010 жылдың 12 шілдесінде қорғаныс министрінің бұйрығымен құрылған болатын. Бүгінгі таңда аталған әскери бөлім өзінің 11 жылдық мерейтойын атап өтуде. Әскери бөлімнің жеке құрамы жауынгерлік дәстүрді ұстана отырып, жауынгерлік әзірлікті шыңдап, қырағылықпен жауынгерлік міндеттерін атқарып, еліміздің тыныштығын күзетеді.

Салтанатты жиынға бөлім ардагерлері мен басшылық құрамы қатысты. Сап түзеуде бөлім командирі жеке құрамды мерекесімен құттықтап, мерекелік күнге арналған жеке құрамды көтермелеу жайлы бұйрықты жеткізіп, әскери қызметтегі кәсіби шеберліктері үшін бір топ офицерлер мен сержанттар алғыс хаттармен, мақтау грамоталарымен марапатталды.

– Жауынгерлік даярлықта біздің бөлім арнайы дайындауды және игеруді қажет ететін күрделі міндеттерді орындайды. Біздің әскери қызметкерлер өздерінің міндеттерін үлкен абыроймен орындауда. Олардың арасында үздік қызметімен көзге түсіп жүргендер де баршылық. Бөлім жеке құрамын бүгінгі мерекемен құттықтай отыра, әрі қарай табысты еңбек тілеймін, – деді бөлім командирі подполковник Мұрат Нұржігітов.

Шара пандемияға қарсы сақтық шараларын сақтай отырып, ашық аспан астында ұйымдастырылды.