Мешітке ұрлыққа түскен қызылордалық ұсталды

Мешітке ұрлыққа түскен қызылордалық ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

9 шілде күні Қызылорда қалалық Полиция басқармасының кезекші бөліміне қала орталығында орналасқан мешіттердің бірінің имамы арыз түсірді. Арызданушының айтуы бойынша, белгісіз біреулер мешіттің пластик терезесінің торын күштеп ашу арқылы кіріп, садақа жәшігінен ақша ұрлап кеткен. Келтірілген шығын есептелуде.

Полиция басқармасының жедел уәкілдері жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында күдікті ұсталды және ол осы қылмысқа қатысы бар екенін мойындады.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігі 3-тармағына (Тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiрумен жасалған ұрлық) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Полицейлердің жедел әрі жылдам әрекеттеріне мешіт имамы алғыс білдірді.

– 8 шілде күні түнгі сағат 02:00 шамасында мешітімізге ұрылар түскен болатын. Полиция басқармасына арызданып, олардың кәсібилігінің арқасында бір тәулік ішінде ұры қолға түсті. Полицейлердің, олардың ішінде жедел уәкілдердің қызметіне риза болып, оларға алғыс айтқым келеді, – деді имам.