Бөлімшелердің жауынгерлік ату дайындығы басталды

Аягөз гарнизоны танк әскери бөлімінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен нормаларды сақтай отырып, жауынгерлік әзірлік жоспарына сәйкес бөлімшелер мен шағын топтардың жауынгерлік атыстары басталды, деп хабарлайды гарнизонның баспасөз қызметі.

Бөлімшелердің жауынгерлік ату жаттығу дайындығының мақсаты – бөлімше мен шағын топ командирлерінің жауынгерлік ұрыста және жоспар бойынша кенеттен туындаған жағдайларда дұрыс шешім қабылдауын, сондай-ақ оларды басқаруын тексеру болып табылады.

Әскери бөлімдегі атысқа тартылған барлық бөлімшелер мен есептоптардың жаттығулары жауынгерлік дайындықтың жоғары деңгейіне келтіру арқылы басталды. Оқу-жауынгерлік тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында бөлімшелердің жеке құрамы оқу-жаттығу алаңына жол тартып, тактикалық дайындық барысында нормативтерді орындау бойынша шеберліктерін шыңдайтын болады.

Айта кетейік, қазіргі уақытта барлық бөлімшелер мен шағын топтардың теориялық және практикалық сабақтары аяқталып, бөлімшелердің күндізгі және түнгі уақыттағы қарудан жауынгерлік атыстары жүргізілуде. Бірінші күннен бастап барлық бөлімшелер өз белсенділіктерін көрсете бастады.

– Аталмыш оқу-жаттығу кезінде бөлімшелер қауіпсіздік шараларын қатаң сақтай отырып, тактикалық іс-қимылдардың дұрыстығына, ұрыста штаттық қаруды шебер, әрі тиімді пайдалануға айрықша назар аударылады. Сонымен қатар, бөлімшелердің жауынгерлік атыстары жеке құрамның теориялық білімдерінің нығаюына, жаңа қосылған жауынгерлердің тәжірибе алмасуына және жалпы роталардың қызметтік міндеттерін сапалы орындауына оң ықпал ететіні сөзсіз, – деді танк әскери бөлім командирінің жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары майор Берік Шаекеев.