Әскерилер арасындағы футболдан жарыс өтті

Аягөз гарнизонының әскери бөлімдері арасында Астана күніне орай футболдан жарыс өтіп, гарнизон бастығының кубогы сарапқа салынды, деп хабарлайды Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі.

Іс-шарада гарнизон бастығының орынбасары подполковник Дәулет Сүттібаев жеке құрамды мерекемен құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Мерекелік күнге жоспарланған футбол ойыны сақтық шараға сәйкес, ашық аспан аясында ұйымдастырылды. Мұндай спорттық жарыс жеке құрамды шынықтыру деңгейін арттыру мен әскери ұжымдарда бірлікті нығайтуға ықпал етеді дейді ұйымдастырушылар.

Аталмыш жарысқа жалпы саны 8 команда қатысып, күннің аптап ыстығына қарамастан қызықты ойын өрнегін көрсете білді. Жарыс қорытындысы бойынша бағы мен баптары келісіп, мықтылықтарын дәлелдеген механикандырылған бригаданың командасы бірінші орынды иеленсе, екінші орынды артиллериялық бригада командасы еншіледі. Ал, жүлделі үшінші орынды гарнизондағы шағын әскери бөлімдерден құралған «Северный» құрама командасы қанағат тұтты.

Сонымен қатар, жарыстың «Үздік қақпашысы» болып Шалқар Кенжеғұлов атанса, «Үздік қорғаушы» номинациясын Аманжол Хайса жеңіп алды. Ал, қатысушылар арасында топ жарып, қарсылас қақпасынан сан мәрте саңылау таба білген Ахат Мұхаметжан «Үздік шабуылшы» иегері болып, көрермен көзайымына айналды. Сондай-ақ, жанкүйерлердің ыстық ықыластарына бөленіп, шебер ойын көрсеткен Абзал Шәкенов сайыстың «Үздік ойыншысы» атанды.

Шара соңында жеңімпаз командаға гарнизон бастығының кубогы табысталып, жүлделі орын алғандар мен үздік ойыншыларға медальдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.