Аягөз гарнизонының сарбаздары домбыра күнін атап өтті

Аягөз гарнизоны танк әскери бөлімінің сарбаздары домбыра күнін атап өтті. Ұлттық руханиятты дәріптейтін мерекеде тек домбырамен күй тартылып, әсем әндер шырқалды, деп хабарлайды гарнизонның баспасөз қызметі.

Атап өтілгендей, аталмыш шараның мақсаты баршамызға ортақ құндылық – домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру болып табылады.

«Шара барысында Отан қорғаушы сарбаздар қасиетті қара домбырамен қазақтың халық әндері мен күйлерін өз нақышына келтіріп ойнап берді. Осындай тағылымы мол мерекелік іс-шара жас сарбаздардың рухын көтеріп, жоғары көңіл күй сыйлады», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қоғамда ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау және қайта жаңғырту аясында шілде айының бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күні деп белгіленген болатын.

– Бүгінгі мереке тек домбыра тартып, ән айтатындардың мейрамы емес. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» демекші, барша қазақ елінің мерекесі деп ойлаймын. Осындай айтулы мейрамның әскери бөлімде аталғанына қуаныштымын, – деді тамылжыта ән салып, күмбірлете күй ойнаған өнерлі өрен қатардағы жауынгер Абылайхан Жеңісбекұлы.