
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Семей қаласының жаңа әкімімен және депутаттармен алғашқы кеңесті өткізді. Онда кеңеске қатысушылар жақын арада атқарылуы тиіс жұмыстардың жоспарын айқындады.
Аймақ басшысы ең бірінші депутаттардың вакциналау процесін жандандыруға атсалысқандарын қалайтынын айтты. Себебі, Семейде бұл процесс баяу жүріп жатыр.
«1 қыркүйекке дейін барлық мұғалім вакцина алу керек. Осыған көңіл аударуларыңызды сұраймын. Өйткені олар балалармен тікелей жұмыс істейді. Бүгінгі таңда мұғалімдердің 68%-ы ғана вакцина алды, – деді Д.Ахметов.
Екінші маңызды әрі өткір мәселе – қаланы жылумен қамтамасыз ету. Қазір Семейдегі барлық қазандықты жөндеу немесе реконструкциялау ғана емес, сонымен қатар олардың қуатын арттыру бойынша да жұмыс жүргізілуде..
«36%-ды құрайтын, қаржылай 1,5 млрд теңгеге жететін жылу шығынын болдырмау үшін гидравликалық режимді сақтай отырып, мәселені шешу қажет. Бұған жол беруге болмайды», – деп атап өтті аймақ басшысы.
Жергілікті атқарушы орган қаланы дамыту жұмыстарын жалғастыратынын тілге тиек етті. Мәселен, қазір 1200 және 300 орындық екі жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Семей ядролық полигонындағы сынақтан зардап шеккен азаматтар үшін оңалту орталығының құрылысы басталады.
Бұдан бөлек, Бейбітшілік аралын қайта жаңғырту жобасы әзірленетін болады. Ол жер қала тұрғындары демалып қана қоймай, спортпен шұғылданатын орынға айналуы тиіс.
«Қала тұрғындары үшін маңызды тағы бір жоба – автомобиль көпірін жөндеу. Сондай-ақ, мен әкімге депутаттармен бірге асфальт төселмеген жолдары бар көшелерді жөндеу жөнінде үлкен бағдарлама әзірлеуді тапсырдым. Мұндай жолдардың 50%-ы қалада. Қаланы дамитын болады. Өйткені, Семей еліміз үшін үлкен тарихи құндылыққа ие шаһар. Біз Семейді жақсы көріп қана қоймай, мақтан тұтуымыз керек», – дем мәлімдеді Д.Ахметов.