Еуро-2020: Италия Уэльс құрамасын жеңді

Еуропа чемпионатының А тобының 3-тур матчтары аяқталды. Рим қаласында Италия Уэльс құрамасымен ойнап, 1-0 есебімен басым түсті, деп хабарлайды Prosports.kz.

Маттео Пессина бас бапкердің сенімін ақтап, жеңіс әкелген жалғыз голды соқты.

Үш матчта тоғыз ұпай жинап, жеті гол соғып, қақпасына бір гол да өткізбеген «Скуадра Адзурра» плей-офф кезеңіне бірінші орынмен шықты. Ал жеңілгеніне қарамастан Уэльс құрамасы төрт ұпаймен екінші орын иеленіп, олар да 1/8 финалда бақ сынауға мүмкіндік алды.

Италия – Уэльс – 1:0 (1:0)

Гол авторы: Пессина 39 (1:0)

Алаңнан қуылды: Ампаду 55 (Уэльс)

Үшінші орынмен келесі кезеңге Швейцария құрамасы да шығуы мүмкін. Олар басқа топтағы нәтижелерге қарайды. Швейцария төрт ұпай еншілегенімен, доп айырмашылығы жөнінен Уэльстен төмен тұр. Владимир Петкович шәкірттері түріктерді сенімді тізе бүктірді. Джердан Шакиридің дублі мен Харис Сеферовичтің бір голына Түркия құрамасы бір дәл соққымен ғана жауап қатты. Үш матчтың бәрінде жеңілген Түркия турнирмен қош айтысты.

Швейцария – Түркия – 3:1

Гол соққандар: Сеферович, 6 (1:0). Шакири, 26 (2:0). Кахведжи, 62 (2:1). Шакири, 68 (3:1).