Сәуір айында соңғы 7 жылда болмаған қымбатшылық тіркелген

Әлемде азық-түлік бағасы қымбаттаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Біріккен Ұлттар Ұйымы жасаған зерттеуге сай, сәуір айында соңғы 7 жылда болмаған қымбатшылық тіркеліпті. Баға әлі де шарықтай береді. Оған шикізат тапшылығы себеп.

Пандемия тұтынушылардың сұранысына ерекше әсер етті. Тасымал шектеулері өндірушілерді де әурелегені анық. Шикізат тапшылығы жаһандағы азық-түлік пен техника құнын аспандатпақ. Мамандар болжамы осындай. Оған сай көлік, тұрмыстық техника, т.б өнім түрлеріне ессіз сұраныстың жағдайды ушықтыруы мүмкін екенін түсінуге болады. Енді өндірушілер тасымал қиындықтарына тап болмас үшін шикізатты барынша сатып алуға тырысып жатыр.

Дегенмен, қазірдің өзінде мыс, темір, пластик, тіпті картонның жетіспеушілігі орын алған. Кофе мен бидай да азайыпты. Мұндай дүрлікпе жылдың аяғына дейін жалғасуы мүмкін. Мамандар: «техника мен көлік құны 2023 жылға дейін қымбаттай береді» деп отыр.