Түркістан облысында автобус жолаушысынан 300 доза героин табылды

Түркістан облысында автобус жолаушысынан 300 доза есірткі тәркіленді, деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицейлердің мәліметінше, Түркістан қаласында аса ірі көлемде героин тасымалдаған тұрғын ұсталды. Есірткіні заңсыз сақтау және тасымалдау туралы ақпарат облыстың Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасына түскен. Арыз бойынша бірден шұғыл қимылдар басталған.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Шымкент-Самара» тасжолымен қозғалған жолаушы автобустарын тексеруге кіріскен. Оның барысында «Алматы-Түркістан» бағытында келе жатқан автобустағы жолаушы әйел күдік тудырған. Тінту кезінде әйелдің сөмкесінен қағазға оралып, полиэтилен пакетіне салынған ақ-сұр түсті есірткіге ұқсас ұнтақ табылды.

Сараптама тағайындалып, оның қорытындысы бойынша тәркіленген заттың жалпы салмағы 60 грамға жуық героин екені анықталды. Яғни героиннің бұл салмағы 300-ге жуық бірреттік дозаға тең.

Аталмыш факті ҚР ҚК-нің 297-бабымен (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Күдікті әйел қамауға алынды.