Түркістан облысында коронавирус жұқтырған әйел босанды

Түркістан облысында COVID-19 індетіне шалдыққан 20 жастағы жүкті әйел дәрігерлердің көмегімен аман-есен босанды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ол Сайрам аудандық инфекциялық ауруханасына жүктіліктің  39 аптасында  ЖРВИ симптомдарымен амбулаторлық қабылдауға жеткізілген. Сынама нәтижесі оның коронавирус инфекциясын жұқтырғанын көрсетті. Айы – күні толып, толғағы қысқан әйел мен оның сәбиінің өмірін аман алып қалу үшін шұғыл түрде білікті дәрігерлердің қатысуымен арнайы консилиум өткізілген.

Әйел аман-есен тұңғышын дүниеге әкелді. Нәрестенің салмағы 3400 гр. Одан бірден коронавирусқа сынама алынды. Жаңа туған ұл бала анасынан оқшауландырылды. Текст қорытындысы нәрестенің бойынан  COVID-19 инфекциясының табылмағанын көрсетті. Мсамандардың айтуынша, сәбидің жағдайы жақсы.  Жеке бокста, дәрігерлердің жіті бақылауында. Анасының да жағдайы бірқалыпты.

Айта кетейік, былтыр өңірде короновирус инфекциясын жұқтырған 122 жүкті әйел аман-есен босанған. Түркістан облысында жыл басынан бері 15 мыңға жуық сәби дүниеге келген. 2020 жылы өңірде 61 274 нәресте туылған.  Түркістан облысы бала туу көрсеткіші бойынша елімізде көш бастап тұр.