Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынын кездесуден кейін таныс адамы тонап кетті. Тергеу нәтижесінде 27 жасар жігіттің 28 жасар қызбен әлеуметтік желі арқылы танысқаны анықталды, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті.
Жұп бір ай бойы желіде сөйлескен. Нәтижесінде олар кездеуге шешім қабылдап, жігіт жаңа танысын қонақ үйге шақырады. Бірге отырып, тамақтанғаннан кейін қыз ұйықтар алдында алтын бұйымдарын шешіп қойған. Жігіт оны пайдаланып, 100 мың теңгеге бағаланған зергерлік бұйымдарды алып, сағат таңға төртке таман қонақ үйден шығып кеткен.
Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктіні ұстаған, ол бұрын бірнеше рет сотталған болып шықты. Ер адам өз қылмысын мойындады, оның Нұр-Сұлтан аумағындағы ұқсас қылмыстарға қатысы бар немесе жоқ екені анықталуда. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті азаматтарды абай болуға шақырады, жақын таныс емес адамдарға сенбеуге және бағалы заттарды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.