
Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтыру дерегі көбейген. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов айтты.
«Еліміздегі эпидемиологиялық жағдай бойынша елорда «қызыл» аймақта. Күн сайын орта есеппен коронавирус инфекциясын жұқтырған 430 жаңа жағдай тіркеледі. Бұл былтыр шілдедегі көрсеткіштен көп. Былтыр шілдеде күніне орта есеппен 180 жағдай тіркелген», – деді ол ОКҚ брифингінде.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, қазіргі уақытта елордада коронавирус жұқтыру дерегі 2020 жылдың шілдесімен салыстырғанда 2,4 есеге өскен. Ол коронавирус жұқтырған науқастарды емдеу үшін 14 стационар (1 889 төсек) жұмылғанын айтты.