ШҚО-да қар еріп, су деңгейі көтеріле бастады

Шығыс Қазақстан облысында қар еріп, су деңгейі көтеріле бастады. Бұл туралы бүгін Шығыс Қазақстан облысының ақпараттық орталығы базасында облыстық ТЖД бастығының орынбасары Қанат Әбділов мәлім етті.

Қанат Әбділовтың айтуынша, облыс аумағында қар еріп жатыр. Аймақтың қар басып жатқан аумағы 33% құрайды. Топырақтың жоғарғы қабатының еруі байқалады. Риддер қаласында, Катонқарағай, Бородулиха аудандарында қар жамылғысының биіктігі 50 см-ден аспайды, тек Алтай ауданында 71 см. Өзендердің ашылуы және су деңгейінің көтерілуі байқалады. Судың шекті деңгейлерден асып кетуі байқалмайды.

Оның сөзінше, ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті 8 рет аэровизуалды тексеру жүргізді. Облыс су тасқынына дайындық жоғары деңгейде, жедел штабтар құрылған. Су тасқынына қарсы іс-шаралардың облыстық жоспары іске асырылуда, қар шығару, автомобиль және темір жолдардағы су өткізу құрылыстарын, көпірлерді, арықтар мен арналарды тазарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Шұғыл шығындарға және төтенше жағдайларды жоюға қаражат көзделген. 2412 бірлік техника, 379 мотопомпа мен 106 эвакопункт дайындыққа келтірілді.

ШҚО төтенше жағдайлар департаментінің жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Елдос Чикеновтің мәліметінше, зардап шеккен халықты қабылдаудың барлық пункттеріне тексеру жүргізілген, уақытша болу, тамақтану үшін жағдайлар жасалған, санитарлық-тұрмыстық жағдайлар жасалып, ыстық тамақпен қамтамасыз етуге, эвакуациялық іс-шараларды өткізу үшін көлікті тартуға ниет-шарттар жасалған.