Оралда жүк пойызы адам қағып кетті

ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 12 наурыз күні кешкісін локомотив депосының Орал стансасына жақын жерде болды.

Сағат 19.05-те Орал стансасы желілік полиция бөлімінің кезекші бөліміне жүк пойызының адамға соқтығысуына байланысты шұғыл тежеудің қолданылғаны жөнінде хабар келіп түсті.

Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 344-бабы 1-бөлігі, яғни теміржол көлігі жүрісі немесе оларды пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді.

«Оқиға орнына Орал стансасындағы желілік полиция бөлімінің жедел тергеу тобы шықты. Тексеру барысында Орал қаласының тұрғыны екендігі анықталды. Азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 559-бабы 5-бөлігімен, яғни белгіленбеген жерлерде теміржол арқылы өту бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Оған жедел түрде алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Қазір жағдайы бірқалыпты», – деп хабарлады ведомстводан.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, жедел жәрдем сағат 19.06-да шақырылып, бригада бес минуттан кейін жетті. Мас күйінде болған 1968 жылғы ер адам облыстық ауруханаға жеткізілді. Жағдайы қанағаттанарлық.