Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, патрульдік полиция батальоны және Түлкібас АПБ инспекторлары бірлесіп, арнайы операция нәтижесінде аса ірі көлемдегі есірткіні заңсыз тасымалдаған күдіктілерді ұстады. Жедел-іздестіру шаралары барысында, Батыс Еуропа-Батыс Қытай тас жолының 649 шақырымында Жамбыл облысы тұрғынының басқаруындағы “Ауди” маркалы автокөлік тоқтатқан. Жедел уәкілдер тінту кезінде автокөлік салонынан арнайы хош иісі бар өсімдік тектес есірткі заты бар қап пен полиэтилен пакетін тауып алды.
Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Алынған заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберілді. Қорытындыға сәйкес, есірткі заты жалпы салмағы 13кг жуық “кептірілген марихуана” екені анықталды.
Қазіргі уақытта есірткі заттарын заңсыз тасымалдау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталғандардың екеуі де Жамбыл облысының тұрғындары болып шықты. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу оқиғаның толық мән-жайын және есірткіні жеткізу орындарын анықтауда.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері есірткі заттарын заңсыз тасымалдағаны, сақтағаны және өткізгені үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік барын ескертеді. Жоғарыда аталған баптың санкциялары үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қолданады.