
Бүгін XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының көшбасшысы, ұлт-азаттық қозғалыстың негізгі тұлғасы Әлихан Бөкейхантың туған күні.
Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханов ХХ ғасыр басында қазақтың әлеуметтік, мәдени рухани тарихында өшпестей із қалдырған ғұлама ғалым ормантанушы, экономист, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы, әрі публицист тұлғаларының бірі ретінде танымал. Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан 1866 (бір деректерде 1870 ж. деп келтіріледі) жылдың 25 наурызында Семей облысына қарасты Қарқаралы уезінің Тоқылауын болысында дүниеге келген.
Әлихан Бөкейхан – ол қазақ зиялыларының көшбасшысы. ХХ ғасырдың басынан өмірінің сонына дейін қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, соның жолында өзін құрбан еткен азамат. Оның қазақ халқына жасаған қызметі өлшеусіз. Отаншыл тарихы тұлғаның жолымен алашшыл қазақ жастары егемендік, тәуелсіздік жолында ұлттың елдігін сақтауға, рухани және ғылыми байлықтарын сақтап қана қоймай игеруге бар күтерін салуда. Әлихантанушылар қатарының көбеюі зиялы қауым көсемнің рухтық идеясының өміршеңдігін көрсетеді.
«Әлихан бастаған қазақ зиялылары ұлттық мүдде жолында аянбай еңбек етіп, мемлекетшілдіктің озық үлгісін көрсетті». Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алаш қозғалысының негізін қалаушы Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл толуына орай жазған Twitter-дегі жазбасында осылай деді.
«Бүгін – тарихи тұлға Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл. Ол – халқымыздың біртуар перзенті, Алаш қозғалысының негізін қалаушы. ХХ ғасыр басында Әлихан бастаған қазақ зиялылары ұлттық мүдде жолында аянбай еңбек етіп, мемлекетшілдіктің озық үлгісін көрсетті» делінген хабарламада.