Қостанай облысында жол апатынан 6 адам қаза тапты

«Қостанай - Әулиекөл» тасжолында екі джип соқтығысып, салдарынан алты адам қаза тапты, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Апат бүгін сағат 16.30-да Қостанайдан Әулиекөл ауылына апаратын тасжолдың 69-шақырымында, Новонеженка және Лаврентьевка ауылдары арасында болған.

«Екі джип соқтығысып қалған. Оқиға орнында автопатрульдер мен жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта жол апатынан 6 адам қаза тапқаны белгілі» деп түсіндірді облыстың полиция департаменті.

Сондай-ақ ведомство оқиға жайлы толық ақпарат кейінірек берілетінін хабарлады.