Іс-шара барысында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мамандары жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлерге ақы алудың ашық жүйесінің жұмыс істеу принциптерін, ақы төлеу тәсілдерін, сондай-ақ ақылы автожолдардың артықшылықтарын түсіндірді.
Атап айтқанда, ақылы жолдардың өзін-өзі қаржыландыруға өтуі тас жолды сақтауға және жол бойындағы қызметті үздіксіз жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жүргізушілер мен жолаушыларға қауіпсіз және ыңғайлы қозғалысты қамтамасыз етеді.
Жиын барысында тұрғындар: төлем мөлшері, тәсілдері, жеңілдіктер және т. б. сұрақтар мен пікірлерін айтты.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілі Бауыржан Камалитден 2 және 3 санаттағы жолдарда жеке жеңіл көлік иелері төлемнен босатылғанын жеткізді.
Сондай-ақ, 1-санаттағы ақылы жолдарға іргелес өңірлердің тұрғындары үшін жеңілдік ретінде «жылдық абонемент» көзделген. Қазавтожол тарапынан Ұлы Отан соғысы ардагерлері және оған теңестірілген ардагерлер, мүмкіндіктері шектеулі азаматтар үшін жеңілдіктер енгізу туралы мәселе қаралуда.
«Қызылорда-Шымкент», «Қызылорда-Қарабұтақ» жолдарында көлік құралы иесінің жеке шотын интернет, төлем жүйелері және екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы толтыруды көздейтін «ашық жүйесі» енгізілетін болады.
Кейбір азаматтар көлік салығын төлегеніне қарамастан, жол жүру ақысын неге төлеу керегін алға тартты. Спикерлер жылжымалы мүлікке төленетін салықтың барлығы бірден автожолдарға емес, бірінші республикалық бюджетке түсіп, кейін денсаулық, білім беру, әлеуметтік төлемдер, инфрақұрылым құрылысы және т. б. түрлі мақсаттарға бөлінетінін түсіндірді.
Басқа салықтар сияқты, «көлік» салығы да жаңа жолдар салуға және ескі жолдарды жөндеуге бағытталуы мүмкін. Бірақ бұл мемлекеттік шығындар – жолдарда смарт-жүйелерді, қауіпсіздік жүйелерін енгізуді, жол төсемін жедел және тұрақты жөндеу мен тазалауды, жүргізушілер мен жолаушылардың демалуы үшін қолайлы жағдайлар жасауды көздемейді. Осы мақсаттар үшін мемлекет күрделі жөндеуден өткен республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында ақы төлеу жүйесін енгізуді жоспарлап отыр.
Айта кетсек, қоғамдық тыңдауға қатысушылар көптеген идеялар мен ұсыныстарын айтты. Соның ішіндегі ең маңыздысы: арнайы ауыл шаруашылық техникаларын жол ақысын төлеуден босату. Бұл аграрлық өнім бағасының өсуіне жол бермейді деп атап өтті қызылордалықтар.
Азаматтардың барлық мәселелері мен өтініштері хаттамаға енгізіліп, ұлттық компания басшылығына жеткізілетін болады.