Қапшағай көлінде мұздың үстіндегі балықшыларды құтқарған полицей «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен наградталды.
2021 жылғы қаңтар айының соңында Талғар ауданы ПБ Табиғат қорғау тобының инспекторы полиция капитаны Дастан Берікбаев Қапшағай көлінде арнайы рейд жүргізу барысында балықшылардың өмірін құтқарып қалды. Көл бетіндегі мұз бөлініп, желдің күшімен оларды 7 шақырым қашыққа алып кеткен.
«Браконьер» алдын алу шарасы барысында аумақты аралап келе жатқанда дүрбінің көмегімен көл ортасындағы көмек сұрап тұрған адамдар тобын көрдім. Жергілікті тұрғынның қайығын уақытша алып, көмек көрсетуге келдім. Мұз үстінде 5 адам, оның ішінде 2 әйел адам бар екен. Қауіпсіздік талаптарын сақтап, оларды кезекпен жағаға жеткіздім. Оларды көліктіне жеткізіп, аман-есен жолға салдым»,- деді полиция капитаны Дастан Берікбаев.
Қапшағай көліне балық аулауға келгендер Алматы қаласының тұрғындары болып шықты. Табиғи құбылысты есепке алмаған балықшылар шатыр ішінде балық аулап отырғанда мұздың жарылып, жағадан қашықтап кеткенін байқамағанын айтқан.
«Мен өз әрекетімді ерлікке санамаймын. Бұл – менің азаматтық міндетім. Кез келген тәртіп сақшысы осылай жасар еді. Дегенмен, еңбегімді жоғары бағалаған ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің басшылығына алғысым шексіз. Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» – деп толықтырды медаль иегері капитан Дастан Берікбаев.
Бүгін Алматы облысындағы Төтенше жағдайлар басқармасының басшылығы ерлігімен ерекшеленген полиция офицеріне алғыстарын айтып, омырауына медаль тақты.
Өз тарапынан, аудандық Полиция басқармасы да табиғат қорғау қорғаушының жетістіктерін ерекше бағалады. Полиция капитаны Дастан Берікбаев жақында Талғар ауданында аң патшасы арыстанды асырап отырған шаруа қожалықты әшкерелеп, танылған болатын.