Көпбалалы аналар мен соғысқа қатысқандар автобуста тегін жүретін болды

Алматыда қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүретін жолаушылар санаты кеңейді. Бастама Алматы қаласының әкімдігі VII шақырылымдағы мәслихаттың кезектен тыс II сессиясында ұсынылды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлады.

Депутаттар шешімді бірауыздан қолдады.

Бұған дейін жеңілдік тек 9 санат бойынша жасалатын.

Енді қалалық қоғамдық көлікте (таксиден басқа) жеңілдікпен жүру құқығын тағы 3 санатқа жататын азаматтар пайдаланады.

– басқа мемлекеттердің аумағындағы әскери іс-қимылға қатысқан ардагерлер;

– «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналар;

– он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балаларды жетектеп жүретін тұлғалар.

Ондай азаматтардың саны да айқындалды.

Алматыда 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларды алып жүруші 1161 адам 50% жеңілдікпен жүретін болады. Ал «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы 4 663 ана тегін жүреді.