Ақтөбеде бір мектепке екі мәрте «бомба қойған» адам табылмады

Ақтөбеде №51 мектеп-гимназиясына «жазылғыш зат қойылды» деп екі рет хабарлама таратқан адам әлі іздестіріліп жатыр. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлады.

Қаңтар айында Ақтөбе қаласындағы №51 мектеп-гимназиясына «бомба қойылғаны» туралы 2 хабарлама келіп түсті.

Екі хат та электронды мекенжайға жолданған. Хабарлама жазған адамды анықтауға және ұстауға бағытталған жедел іс-шара жүргізіліп жатыр.

«Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама таратқаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабында қылмыстық жауапкершілік белгіленген. ҚР ҚК 273-бабы бойынша 14 жасқа толған жасөспірім де жауапқа тартылады», – дейді Ақтөбе облысы ПД бастығы Атығай Арыстанов.

Айта кетейік, осы баптың санкциясы бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылықты көздейді.

«Білім мекемелерінің оқушылары да қоңырау шалған факті кездеседі. Оқушының жасына қарамастан (оның жеке мүлкі мен табысының болмауына байланысты) келіп түскен хабарламаны тексеру жөніндегі арнайы іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге байланысты материалдық залал оның ата-анасына жүктеледі. Былтыр терроризм актісі туралы осындай 2 жалған хабарлама түсті. Қоңырау шалғандар анықталып, қылмыстық жауапқа тартылды», – дейді Атығай Арыстанов.