“Мектеп жарылады” деп қоңырау шалып, Панфилов ауданындағы бір ауылды дүрліктірген жасөспірімнің әрекеті әшкере болды, деп хабарлайды Kaznovosti.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Панфилов ауданының Полиция бөліміне Аққұдық ауылындағы мектеп қызметкерлері қоңырау шалып, белгісіз біреудің телефон арқылы мектептің түнде жарылатынын хабарлағанын айтқан. Тәртіп сақшылары талапқа сәйкес әрекет етіп, аудандағы барлық тиісті қызмет өкілдері оқиға орнына жедел жиналған.
– Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Полицияның жеке құрамына дабыл беріліп, оқиға орнына жиналды. Жарылғыш затты табуға облыстық ПД “Арлан” жасағының сапер тобы жұмылдырылды. Мектеп іші мен жақын маңы толығымен тексеріліп, қоңырау шалушының жалған ақпарат таратқаны дәлелденді. Жедел-тергеу шаралары барысында 14 жастағы жасөспірімнің телефон шалғаны анықталды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды, – деді Панфилов ауданы ПБ бастығының міндетін атқарушы Жандос Кавлиев.
Ауыл тұрғындарын дүрбелеңге салған қоңыраудан кейін мектеп маңында тұратын отбасылар қауіпсіз жерге шығарылған. Қандай да бір ақпарат білуі мүмкін адамдардың барлығынан жауап алған полицейлер телефон лаңкесін көпке ұзатпай анықтаған. 2006 жылы туған кәмілетке толмаған бала мектепке бомба қойылды деп қоңырау шалғаны анықталды. Карантиндік шараларға байланысты өзге балалар жете алмай жүрген білім ордасына барғысы келмеген жасөспірім осылай қалжыңдаған.
– Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Тісті сараптама тағайындалды. Тергеу аяқталған соң іс материалдары сотқа жолданып, нақты процессуалдық шешім қабылданатын болады, – деп толықтарды Жандос Кавлиев.