2030 жылға қарай жылына шамамен 270 мың тонна тауарлы балық өсіру жоспарланып отыр – М. Мырзағалиев

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің балық шаруашылығын дамыту мәселесі қаралды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев өз баяндамасында саланың қазіргі жағдайы мен перспективалары туралы айтып берді, деп хабарлайды Kaznovosti.kz Премьер-Министрдің ресми сайтына сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, сала мәселелерін жүйелі шешу үшін министрлік балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын әзірледі.

Балық өнеркәсібінің негізгі салалары – балық кәсіпшілігі  -балық аулау, балық өсіру – балық шаруашылығы және өңдеу.

Ұсынылған бағдарламаға сәйкес, еліміздің балық өнімдері нарығының 2019 жылғы жалпы көлемінің құрылымы келесідей: балық аулау – 45 мың тонна, балық өсіру – 7,4 мың, экспорт – 30 мың, ал импорт – 45 мың тонна болды.

Балық өсіру балық саласын дамытудағы қарқынды өсіміне айналуы тиіс.

«Осыған орай, министрлік ғалымдар және сарапшыларымен бірлесіп, балық саласының дамыту потенциалына талдау жүргізген болатын. Соның нәтижесінде республиканың су айдындарында жылына 600 мың тоннаға дейін балық өсіруге болатындығы анықталды. Бұны біз кезең-кезеңмен іске асыруды жоспарлап отырмыз. Болжам бойынша әлеуеттің 45%-на 2030 жылы, ал қалған 55%-на 2040 жылға дейін қол жеткізілетін болады», – деді М. Мырзағалиев.

Министрлік облыс әкімдерімен бірлесіп балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірледі. Олардың негізінде балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі салалық бағдарламасы жасалды. Бағдарламаға сәйкес 2030 жылға қарай жылына шамамен 270 мың тонна тауарлы балық өсіру жоспарланып отыр.

Министрдің айтуынша, 545 жаңа балық өсіру шаруашылығы құрылады және жұмыс істеп тұрған 323 шаруашылық толық жобалық қуатына шығады.  Өңірлердегі жобалар бойынша 10 жыл ішінде 345 млрд теңге жеке инвестиция тарту көзделіп отыр.

«Балық шаруашылығын табысты дамыту үшін біз 4 негізгі факторды анықтадық. Бірінші – заңнаманы жетілдіру. Екінші – сапалы балық шабақтарымен қамтамасыз ету. Үшінші – балық жемінің өндірісін жолға қою. Төртінші – кадрлық қамтамасыз ету», – деді М. Мырзағалиев.

Бизнес үшін тиімді шарттар жасауға бағытталған заңнамаларды жетілдіру шеңберінде биыл балық ресурстарын пайдаланғаны үшін жылдық төлемнің орнына, тоқсан сайынғы төлем енгізу бойынша жұмыс атқарылды. Бұған дейін бизнес рұқсат алғанға дейін балық аулау төлемдерін төлейтін еді. Бұл айтарлықтай қаржылық жүктеме болды және көбіне несие қаражатын алуға немесе айналым қаражатынан жұмсауға итермеледі.

Сонымен қатар, балық шаруашылығы су айдындарын балық аулаудан балық өсіруге ауыстыру қағидалары бекітілді. Бұл кәсіпшілік балық аулауды жүзеге асыратын пайдаланушыларға, әсіресе көптеген көлдері бар солтүстік аймақтарда балық өсіруге мүмкіндік береді және олар балық өсіру үшін қолайлы.

Бұдан басқа, балық шаруашылығын жүргізу үшін 49 жылға шарт жасасудың нақты мерзімі белгіленді. Бұл бизнеске сеніммен инвестиция салуға және ұзақ мерзімді жоспарлар құруға мүмкіндік береді. Бұрын шарттың мерзімі 5 жыл мен 49 жылдың арасында болатын.

«Даму жоспарлары аясында балық өсірушілерге қойылатын артық талаптар алынып тасталды. Оларға қойылатын жалғыз талап – балық өсірудің жыл сайынғы көлемін орындау», – деді министр.

Бұдан басқа, жыл соңына дейін су қорғау белдеуінде балық өсіру  шаруашылықтарын орналастыру бойынша шектеулерді алып тастау туралы нормалар қабылданатын болады.

Сонымен қатар, 2021 жылы қолданыстағы заңнамаға балық өсіру шаруашылықтарын салу рәсімдерін жеңілдету, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді және мемлекеттік сараптамадан өтуді болдырмау бөлігінде өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.

Нәтижесінде балық тоғандарын орналастыру жергілікті атқарушы органмен келісілген эскиздік жобалар бойынша жүзеге асырылатын болады. Тиісті заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр.

«Осы түзетулердің барлығы балық өсіру кезінде табиғи артықшылықтарды тиімді пайдалануға, шығындарды азайтуға және өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді», – деді М. Мырзағалиев.

Бағдарламаны сәтті жүзеге асыру үшін балық өсіру шаруашылықтарын сапалы шабақтармен қамтамасыз ету аса маңызды.

Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда елімізде  15 балық питомнигі бар. Олар тұқы  тұқымдас балық түрлерінің шабақтарын 12%-ға және бекіре тұқымдас балықтардың шабақтарын 66%-ға қамтамасыз етеді.

Өз кезегінде форель, сиг және басқа да құнды балық түрлерінің шабақтары импортталады. Бұл ретте 10 жыл ішінде шабақтарға қажеттілік 2,5 млрд дананы құрайды. Осыған байланысты, балық отырғызу материалы бойынша импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында 4 балық өсіру аймағы үшін селекциялық генетикалық орталықтар құру пысықталады. Сонымен қатар, 2022 жылы форель және сиг балықтары үшін  2 жаңа питомник салу көзделген.

«Бұдан басқа, 4 мемлекеттік балық питомнигінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін енгізу жоспарлануда. Бұл модернизациялауға, қуаттылықты ұлғайтуға және балық өсіру материалдарының түрлерін әртараптандыруға бағытталған өсімін молайту кешендерін дамыту мақсатында іске асады», – деді М. Мырзағалиев.

Келесі негізгі бағыт – жеммен қамтамасыз ету. Балықтың өзіндік құнының құрылымында жемге жұмсалатын шығындар жалпы шығыстардың 70% құрайды. Сондықтан құрама жемнің сапасы мен тиімділігі балықты өндірістік өсіру рентабельділігінің шешуші факторлары болып табылады.

Мәселен, 2019 жылы 7,5 мың тонна балық өсіру үшін 12,5 мың тонна жем қажет болды. Бүгінгі таңда Қазақстанда балық жемін өндірумен жалпы қуаты жылына 136 мың тонна болатын 14 отандық кәсіпорын айналысады. Алайда ондағы жем тұқы балық түрлеріне ғана жарамды.

Сондықтан, балықтың құнды түрлерін өсіру үшін бизнес импорттық жем сатып алуды жөн көреді. 2019 жылы 786 тонна форель және 178 тонна бекіре өсіру үшін 1,2 мың тонна импорттық жем сатып алынды.

Министрдің айтуынша, әрқайсысының қуаты жылына 80 мың тонна болатын 5 заманауи зауыт салуға бизнесті тарту қажет.  Оларды Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Түркістан және Маңғыстау облыстарында орналастырған жөн.

«Осыған орай министрлік отандық инвесторлардың қатысуымен балық жемін өндіретін әлемге белгілі даниялық «Aller Aqua» компаниясымен бірлескен зауыт салу бойынша келіссөздерді бастады», – деді М. Мырзағалиев.

Министрдің пікірінше, бұл өз кезегінде импортқа тәуелділікті төмендетуге, бизнеске қаржылық жүктемені азайтуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

«Қазақстанда балық өсіру өзінің бастапқы даму кезеңінде, сондықтан оны жүргізу мақсатында 10 жыл ішінде 4 мың адам тиісті білім алатын болады. Оларды Қазақстанның жұмыс істеп тұрған жоғары оқу орындарында, сондай-ақ арнайы білім беру мекемелерінде оқыту жоспарлануда», – деді М. Мырзағалиев.

Ол үшін білім беру гранттарын жылына  40-тан 400-ге дейін ұлғайта отырып, оқу бағдарламаларын балық өсіруге қайта бағдарлау қажет. Бұдан басқа, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде жүйелі түрде кешенді ғылыми зерттеулер жүргізілетін болады. Министрдің ойынша, саланы табысты дамытудың аса маңызды факторы – бастапқы кезеңде бизнесті субсидиялау.

«Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдау шаралары балық жеміне, балық өсіретін шаруашылықтарға арналған техника мен жабдықтарға қолданылады. Бірақ оларды кеңейту қажет. Бұл жөнінде бизнес пен біздің ойымыз бір жерден шығып отыр», – деді М. Мырзағалиев.

Осылайша, облыс әкімдіктерімен бірлесіп дайындалған есептік деректерге сәйкес 10 жыл ішінде жергілікті бюджет есебінен тікелей субсидияларға 136,5 млрд теңге бөлу қажет.

Мемлекеттік қолдаудың келесі блогы – балықты қайта өңдеу кешендерін құруға және кеңейтуге жұмсалатын шығындарға арналған инвестициялық субсидиялар. Оған 36,8 млрд теңге қажет.

Бұл ретте, балық өсірушілер өз өтініштерінде бүгінгі күні инвестициялық субсидиялар барлық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жалпы сомамен көзделетінін және басымдық бойынша берілетінін атап өтеді. Ең негізгісі – бұл жерде балыққа басымдық берілмейді, тиісінше қалдық қағидаты бойынша қаржыландырылатынын баса айтады. Осыған орай бұл мәселені балық өсіруге жеке мақсатты қаражат бөлу арқылы шешу ұсынылады.

Сондай-ақ балық өсіру жобаларына инфрақұрылым жүргізу қажет. Оған жергілікті бюджеттен шамамен  7 млрд теңге талап етіледі.

Осылайша, жоғарыда көрсетілген шараларды іске асыру 10 жыл ішінде 2,2 трлн теңгеге 1,1 млн тонна балық өсіруге мүмкіндік береді.

Балық өнімдерін ішкі тұтынуды жылына 134 мың тоннаға дейін ұлғайтуға болады. Бұл балықты тұтынуды бір адамға 4 келіден 8 келіге дейін арттыруға мүмкіндік береді, яғни Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарын 50% орындалады.

Экспорттық түсімді $330 млн дейін ұлғайтуға қол жеткізуге болады.

Форель және бекіре тұқымдас балық өндірісін ұлғайту есебінен импорт көлемі 45 мыңнан 25 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, бұл кемінде 50 мың қосымша жұмыс орындарын құруға және басым түрде ауылдық жерлерде халықтың табысын арттыруға ықпал ететін болады.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша 2030 жылға дейінгі балық шаруашылығының даму бағдарламасы мақұлданды.