Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі дәрілік препараттарға бағаларды реттеу жүйесіне кіреді

Ағымдағы жылғы 24 желтоқсанда Денсаулық сақтау министрлігінің 2019 жылғы 19 сәуірдегі бұйрығымен бекітілген «Дәрілік заттарға шекті бағаларды және үстеме бағаларды реттеу, қалыптастыру қағидаларына» өзгерістер күшіне енді, деп хабарлайды Kaznovosti.kz.

Бұл өзгерістер коронавирустық инфекцияны емдеу үшін пайдаланылатын дәрілік препараттарға шекті бағаларды қалыптастырудың ерекше тәртібін көздейді. Атап айтқанда, тіркеу кезінде олардың құнынан өндірушінің бағасына қосылатын маркетингтік шығыстар алып тасталады, арнайы реттеуге жататын препараттарға көтерме және бөлшек сауда үстеме бағалары екі есе төмендетіледі.

Таяу арада дәріханалардағы ковидке қарсы препараттар тізбесіне бағалар орта есеппен 24%- ға төмендейді (190-ға жуық препарат). Сондай-ақ жаңа өзгерістерге сәйкес алдағы жылдың ортасынан бастап дәрі-дәрмектің шекті бағалары Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен (БҚДА) келісіледі.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі шекті бағалар төмендетілетін ковидке қарсы дәрілік заттардың тізбесін анықтады. Бұл соңғы 2 айдағы Қазақстанның «қызыл» аймақтарындағы «сатылым хиттерін» ескере отырып, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің емдеу хаттамасына кіретін дәрілер. Қорытындысында бөлшек сауда бағаларын шұғыл төмендетуге арналған ковидке қарсы препараттар тізбесіне 17 халықаралық патенттелмеген атау (ХПА) бойынша 371 сауда атауы енгізілді.

Бұдан басқа, «Дәрілік заттардың шекті бағаларын және үстеме бағаларын реттеу, қалыптастыру қағидаларына» жаңа түзетулер 2021 жылдан бастап БҚДА-ның дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдарға баға белгілеуді реттеу жүйесіне кіруін көздейді. Бұл БҚДА бағаларды бекіту үшін оларға экономикалық талдау жүргізетінін білдіреді. Қазірдің өзінде БҚДА дәрілік препараттарға шекті бағаларды қалыптастырудың қолдағы тәртібін зерделеді. Өтініш берушілерге оны қалыптастыру кезінде бағаларды көтеруге мүмкіндік беретін бірқатар факторлар анықталды.

Бірінші – дистрибьюторлар соңғы жылдағы ең жоғары бағаны есепке алуы мүмкін.

Екінші – өндірушілер инвойстарды әрдайым ұсынбайды, бұл дистрибьюторларға дәрілік препараттарды зауыттың өзінде емес, делдалдар арқылы сатып алуға мүмкіндік береді, бұл дәрі-дәрмек құнының қымбаттауына алғышарттар жасайды. Үшінші – экономикалық даму деңгейі ұқсас елдердегі өндірушілер мен зауыттар ұсынған бағалар қайта тексерілмейді, көліктік және кедендік шығыстар (бұл дәрі құнының 7-15%-ына дейін), маркетингтік құрамдауыш (30%-ына дейін).

Фармацевтикалық нарықтағы баға белгілеуді реттеу жүйесіне БҚДА-ның қатысу мақсаты – бірқатар өмірлік қажетті және маңыздыларын қоспағанда, дәрілік препараттарды бәсекелестік баға белгілеу үшін бөлшек сауда бағаларын реттеуден кезең-кезеңімен шығару. БҚДА базасында дәрілік заттардың ақпараттық дерекқорын құру жоспарлануда, оның негізінде шетелдік өндірушілердің, оның ішінде референттік елдердегі бағаларына экономикалық талдау жүргізілетін болады.

БҚДА Денсаулық сақтау министрлігіне белгілі бір дәрілік заттардың қазақстандық нарықтан көрінбей кетуіне жол бермеу мақсатында негізгі қауіптерді ескере отырып, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бағалық реттеу тетігін қайта қарау жөнінде әдістемелік кеңес құруды өтініп жүгінді.