Қызылорда облысында асыл тұқымды ірі қараның саны артты

Еліміздің агроөнеркәсіп кешені саласын дамытуда қазір басым бағыттың бірі – мал шаруашылығын дамыту. Осы мақсатта ағымдағы жылы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялауға жергілікті бюджеттен 3396, 7 млн. теңге қаржы бөлінді, деп хабарлайды Kaznovosti.kz өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бөлінген қаржы асыл тұқымды мал сатып алған, селекциялық-асыл тұқымдық жұмыстар жүргізген шаруашылық құрылымдарын субсидиялауға жұмсалуда.
Бүгінгі таңда мемлекеттің қолдауы арқасында асыл тұқымды мүйізді ірі қара 8385 басқа, асыл тұқымды қой 78 642 басқа, асыл тұқымды жылқы 6882 басқа, түйе 3225 басқа жетіп отыр.
Асыл тұқымды мал санының өсуіне шет елдік селекциялы тұқымдардың да үлесі мол. Мәселен, Қазалы ауданындағы «Наурыз» шаруа қожалығы Чехия елінен 280 бас «Абердин Ангус» деп аталатын мүйізді ірі қара тұқымын әкелді. Аталған ірі қара тұқымын бордақылаған жағдайда 700-800 кг-ға дейін ет береді. Өзінің таза тірі салмағы 1300-1500 кг болады.

Сонымен қатар, облыстағы шаруашылық құрылымдары «Сыбаға» бағдарламасы аясында көршілес Ресей елінен асыл тұқымды ет бағытындағы «Қалмақ» сиырларын сатып әкеліп, малдардың аймақтағы табиғи-климаттық жағдайға жерсініп кететіндігін дәлелдеп отыр.
Бүгінгі күні 43 935 бас жергілікті аналық сиыр мен 842 бас асыл тұқымды ет бағытындағы «Герфорд» «Абердин-Ангус», «Санта-гертруда», «Әулиекөл», «Қалмақ», «Қазақтың ақбас» тұқымды бұқалары тұқымдық түрлендіруге қамтылған.
Бұл жұмыстың нәтижесінде өнім сапасы төмен жергілікті мал басының өнімділік, сапалық қасиеттері артатын болады.
Өңірде ет бағытындағы малдармен қатар сүт бағытындағы асыл тұқымды мүйізді ірі қара малдарын өсіру жұмыстары жүргізілуде.

Аймақтағы «Рза» АҚ-ы сүт-тауарлы кешенін кеңейтудің 2-кезеңі бойынша Германия мемлекетінен 300 бас сүт бағытындағы «Голштино-Фриз» тұқымды мүйізді ірі қара малын сатып алып, сүт өндіру көлеміе арттыру жұмыстарын жүргізуде.