
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында орман ресурстарын қорғау және қалпына келтіру мәселесі қаралды. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыс туралы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев баяндады.
ҚР ЭГТРМ басшысының айтуынша, Қазақстан орман алқабы аз мемлекеттердің қатарына жатады. Орман қорына жататын жерлердің жалпы көлемі 30 млн га құрайды және республикамыздың 11%-ын алып жатыр. Ең көп орманды алқаптар – Қызылорда, Жамбыл облыстарында. Ол жерлерде негізінен сексеуіл өседі. Сонымен қатар, балқарағай, майқарағай, самырсын және шырша сияқты аса құнды ағаш түрлерінің қорлары Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарында шоғырланған.
«Еліміздің ормандылық көрсеткіші 4,8% құрайды. Мақсатымыз — 2018 жылы қабылданған Бонн үндеуі аясында республиканың ормандылығын 2030 жылға қарай 5%-ға дейін ұлғайту», — деді министр.
Еске салайық, Қазақстан Президенті биыл қыркүйек айындағы Жолдауында елді ауқымды көлемде көгалдандыру мақсатында орман қорында 5 жыл ішінде 2 млрд ағаш отырғызуды және елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызуды тапсырды.
Осыған байланысты министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізді және қазіргі таңда өңірлер бойынша ағаш отырғызу көлемдерін анықтады.
Мәселен, әкімдіктердің табиғат қорғау және орман қорғау мекемелерінің күшімен 464 мың гектар аумақта 1,1 млрд ағаш отырғызылатын болады. Барынша көп мөлшерде ағаш отырғызу Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында жоспарланып отыр. Бұл ретте аталған мөлшердің негізгі үлесі сексеуіл себу арқылы жүзеге асырылады. Оның ішінде Арал теңізінің құрғап қалған бөлігінде де осы жұмыстар атқарылады. Республиканың орталық өңірлерінде қарағай, шырша, қайың сияқты негізгі орман құраушы тұқымдарға жататын ағаштар отырғызылатын болады.
Бұдан басқа, ұлттық парктер мен резерваттар аумағында 62,5 мың га алқапта шамамен 200 млн ағаш отырғызылады. Ал компенсация ретінде отырғызылатын ағаштар, автомобиль және темір жолдар бойындағы қорғаныш белдеулері, сондай-ақ халықаралық гранттар есебінен барлығы 182 мың га алқапқа 700 млн ағаш отырғызу жоспарлануда.
«Қазіргі уақытта елімізде 155 орман тұқымбағы жұмыс істейді. Олар толық жүктемеленген жағдайда жоспарланған жұмыс көлемінің орындалуын қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар уақытша тұқымбақтар құру, орман мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын нығайту қажет», — деді М. Мырзағалиев.
Ағаштар мен бұталарды заңсыз жоюға байланысты бұзушылықтар үшін жаза күшейтіледі.
Соңғы кезде елді мекендерде ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою және зақымдау фактілері орын алғаны белгілі. Осыған байланысты ЭГТРМ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп осы тәртіп бұзушылықтар үшін жазаны күшейтуге бағытталған бірқатар шараларды пысықтады.
Бірінші. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Жасыл екпелерді күтіп-ұстау мен қорғаудың үлгілік қағидаларына толықтыру енгізіп отыр.
Оған сәйкес қарастырылған: Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген ағаштарды заңсыз кесу, жою, зақымдау кезінде 30 есе мөлшерде компенсациялық ағаш отырғызу; жеке және заңды тұлғаларға тиесілі нысандардың іргелес аумағындағы жасыл желектерді жойғаны үшін 10 есе мөлшерде ағаш отырғызу;
М. Мырзағалиев атап өткендей, бұдан бұрын бұл нормалар осы қағидаларда болмаған.
Екінші. Орман заңнамасын бұзудан келтірілген зиянның мөлшерін есептеу үшін базалық ставкаларға өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізілді.
Үкімет қаулысының тиісті жобасы осы аптада қабылданды. Оған сәйкес Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген әрбір заңсыз кесілген ағаш үшін зиянды өтеу мөлшерін 6 айлық есептік көрсеткіштен 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды.
Сонымен қатар, базалық ставкалар ағаш түрлері мен жасына қарай елді мекендерде өсетін ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу кезіндегі залалды өтеу мөлшерлерін айқындау жөніндегі жаңа жеке қосымшамен толықтырылды.
Үшінші. Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге өзгерістер әзірленді. Әкімшілік кодексіне дискрециялық нормаларды алып тастау және құқық бұзушыларға санкцияларды ұлғайту бөлігінде бірқатар өзгерістер енгізілетін болады.
Мысалы, құқық бұзушылықтардың қайталануына байланысты айыппұлдарды келесідей арттыру ұсынылады:
жеке тұлғаға 10 айлық есептік көрсеткіштен 150 айлық есептік көрсеткішке дейін;
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 30 айлық есептік көрсеткіштен 450 айлық есептік көрсеткішке дейін;
орта кәсіпкерлік субъектілеріне 40 айлық есептік көрсеткіштен 600 айлық есептік көрсеткішке дейін;
ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептік көрсеткіштен 1500 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру.
Бұдан басқа, ағаштарды заңсыз кескені үшін санкцияларды қатаңдату бойынша Қылмыстық кодекске де өзгерістер енгізу көзделіп отыр.
Солай бола тұра, экология министрі нақтылағандай, өсімдіктер дүниесін сақтау мәселелері Орман кодексімен ғана және тек мемлекеттік орман қоры аумағында реттеледі. Ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, босалқы жерлер және өнеркәсіп жерлері сияқты басқа санаттардағы жерлер бойынша бұл мәселелер реттелмеген.
Осыған байланысты министрлік Өсімдіктер дүниесі туралы заң жобасын әзірледі. Оның шеңберінде:
– өсімдіктер дүниесі ресурстарын қорғау, молықтыру және пайдалану жөніндегі барлық мәселелерді заңнамалық тұрғыдан ретке келтіру;
– өсімдіктер дүниесі ресурстарын сақтауға және молықтыруға жауапты мемлекеттік органдарды айқындау көзделуде. Бұл олардың республикадан тыс жерлерге шығарылуын бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді;
– өсімдіктер дүниесінің есебін, мемлекеттік кадастры мен мониторингін жүргізу, сондай-ақ ботаникалық коллекциялар мен өсімдіктердің генетикалық ресурстары коллекцияларын жасау және ұстау тәртібін айқындау көзделуде.
Бұдан басқа, өсімдіктердің сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, эндемикалық және реликті түрлерін сақтау мәселелері, табиғи экожүйелерге бөтен текті түрлерді жасанды жолмен енгізуге тыйым салу мәселелері реттелетін болады.
Осылайша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы және уақтылы орындау мақсатында М. Мырзағалиев облыс әкімдіктеріне келесі ұсыныстарын білдірді:
- ормандарды молықтыру мен орман өсіру көлемін ұлғайту бойынша жүктелген жоспарлы көрсеткіштерді орындау;
- құрылған орман екпелерінің уақтылы күтіп ұсталуын қамтамасыз ету;
- қалалар мен басқа елді мекендердегі жасыл желектер бойынша түгендеу және паспорттандыру.
«Осы шараларды жүзеге асыру аясында қаржыландыру мәселесін пысықтау қажет. Қаржы министрлігі республикалық бюджет шеңберінде өңірлермен және басқа да мемлекеттік органдармен ормандарды молықтыру мен орман өсіру көлемін ұлғайтуды қамтамасыз ету үшін қаржыландыру мәселелерін пысықтап алуы тиіс», — деді ведомство басшысы.